Атамекен-Агро ауылдық жерлерде өрт қауіпсіздігін нығайтуға қолдау көрсетті
Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Озерное ауылында еліміздегі 307-ші «Ауыл құтқарушылары» ерікті өртке қарсы құрылымы ашылды. Жаңа өрт сөндіру бекеті жалпы саны 700-ге жуық тұрғын тұратын үш елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
Атамекен-Агро әлеуметтік жауапкершілік аясында аталған бастамаға қолдау көрсетіп, өрт сөндіру бекетін орналастыру үшін ғимарат ұсынды.

Жобаны іске асыру барысында жергілікті атқарушы органдар қызметкерлердің жұмыс істеуі мен тынығуына қажетті жағдайларды жасады. Ал Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі бекетті арнайы өрт сөндіру техникасымен және қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті.
Жаңа бекеттің ашылуы өрт сөндірушілердің оқиға орнына жету уақытын қысқартуға, төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге және ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.
Атамекен-Агро үшін ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына үлес қосу, жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасы мен қауіпсіздігін арттыру — компанияның әлеуметтік жауапкершілік саласындағы маңызды бағыттарының бірі.


