Қазақстандағы ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорны мал басын есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізді
«Atameken-Agro» АҚ-ға қарасты шаруашылықтардың бірінде мал басын қашықтан автоматты түрде есепке алу жүйесі орнатылып, сынақтан өткізілді. Бұл жоба дәлме-дәл мал шаруашылығына маманданған қазақстандық агротехнологиялық COWMAS компаниясымен және «Nazarbayev University» университетінің еншілес ұйымы — «Astana Business Campus» ЖШС жанындағы NURIS орталығымен бірлесіп жүзеге асырылды.
COWMAS деректеріне сәйкес, олардың инновациялық «Control Gate» жүйесі әрбір жануарды автоматты түрде анықтауға және санауға мүмкіндік береді. Бұл малды қолмен санау қажеттілігін, сондай-ақ оларды ұстап тұру немесе арнайы дәліздер арқылы өткізу талабын жояды, сөйтіп малдың күйзелісін азайтады. Жүйе жоғалған жануарларды дереу анықтауға, сондай-ақ ферма немесе жайылым аумағындағы белгілі бір жерлерде малдың бар-жоғын қашықтан бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, жүйе ветеринарлық немесе шаруашылық шараларын жүргізу үшін мал арнайы дәлізден (құбырдан) өткен кезде, оларды қосымша бақылауға мүмкіндік береді. Оны қолдану жекелеген жануарларды санауға және мал басын есепке алуға кететін уақыт пен еңбек шығынын азайтуға көмектеседі.
«Control Gate» жүйесі жануарлар көп өтетін жерге орнатылған. Ол төтенше жағдайларда, яғни –35°C-қа дейінгі төмен температурада сәтті сыналды.
Сондай-ақ компания инновациялық платформаның «Atameken-Agro» басшылығына нақты уақыт режимінде бұрын қолжетімсіз болған жаңа деректерге қол жеткізуге мүмкіндік бергенін атап өтті.
"Control Gate" жүйесі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына — асыл тұқымды шаруашылықтардан бастап мал бордақылау алаңдарына дейін — мал басын есепке алу тиімділігін арттыруға, сондай-ақ тұрақты әрі этикалық мал шаруашылығы тәжірибелерін енгізуге көмектеседі. Өз кезегінде, мемлекет малдың жүріп өткен жолын қадағалауды (traceability) қамтамасыз ететін құралға ие болады. Біз "Atameken-Agro" АҚ командасына жобаны жүзеге асыруға қосқан үлесі мен белсенді қатысуы үшін алғыс айтамыз», — деді COWMAS компаниясының басшысы әрі тең құрылтайшысы Асхат Жәнібеков.
«Акселерация бағдарламасы аясында COWMAS-пен және Назарбаев Университетінің инновациялық кластерімен серіктесу бізге күш біріктіріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Инновацияларды өз күшімізбен дамыту – көп шығынды қажет ететін және әрдайым сәтті бола бермейтін іс. Оның орнына біз халықаралық озық тәжірибеге, яғни инновациялық компаниялар мен университеттермен ынтымақтастыққа негізделген тәсілді таңдадық және нәтижеге өте ризамыз. Біз бұл ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Мал шаруашылығы саласы еліміз үшін зор әлеуетке ие. Болашақ – тиімді әрі технологияға негізделген шаруашылықтарда, ал нақты инновациялар бизнес пен ғылыми қауымдастық арасындағы серіктестік арқылы ең жақсы дамиды», – деп атап өтті «Atameken-Agro» АҚ Басқарма төрағасы Кинтал Исламов.