
Атамекен-Агро жаздық рапсты өсіру және өңдеу технологияларына арналған білім беру сапарына қатысты
Атамекен-Агро өкілдері, агрономия бөлімінің басшысы Ертай Атығайұлы Қанафин және Атамекен-Агро Корнеевка ЖШС бас агрономы Александр Матеров жаздық рапсты өсіру мен өңдеудің өзекті және инновациялық технологияларына арналған Беларусь Республикасындағы білім беру сапарына қатысты. Іс-шара 2026 жылғы 6–10 шілде аралығында «Сингента Қазақстан» ЖШС және «Рапуль Қазақстан» ЖШС шақыруымен өтті.
«Сапар барысында біз күздік және жаздық рапсты, бидайды, жүгеріні және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру технологияларымен таныстық. Бірнеше күн ішінде Беларусьтің бірқатар озық шаруашылықтарына барып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесіп, тәжірибе алмастық. Біз үшін өсімдіктерді қоректендіру және қорғау жүйелерін, сондай-ақ әртүрлі топырақ-климаттық жағдайларда рапс өсірудің технологиялық тәсілдерін зерделеу ерекше құнды болды. Мұндай тәжірибе Атамекен-Агроның агрономиялық бағытын одан әрі дамыту үшін пайдалы және біздің өндірістік жағдайларымызды ескере отырып қолданылуы мүмкін», — деп атап өтті Ертай Қанафин.




Сапар бағдарламасы «БЕЛАЗ-ХОЛДИНГ» холдингінің басқарушы компаниясы — «БЕЛАЗ» ААҚ филиалына, «Первомайский» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне, сондай-ақ «Содружество» компаниялар тобының кәсіпорындарына баруды қамтыды. Олардың қатарында «Белагротерминал» ЖШҚ және Гродно облысындағы май экстракциялау зауыты бар. Бұл кәсіпорын ЕАЭО аумағындағы рапс, күнбағыс және зығыр майлы дақылдарын өңдейтін ірі өндіріс орындарының бірі болып саналады.
Сонымен қатар қатысушылар Минск облысындағы «Снов агрокомбинаты» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің қызметімен танысты. Бұл — өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеудің толық циклі қалыптасқан Беларусьтің жетекші ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының бірі.
Брест облысында делегация күздік және жаздық рапсты өсіру кезінде сұйық кешенді тыңайтқыштарды белсенді қолданатын «Фортуна» фермерлік шаруашылығына барды. Бұдан бөлек, қатысушылар «Агро Колядичи» ААҚ-ның құмдауыт және шымтезекті-батпақты топырақтарда жаздық рапс өсіру тәжірибесін, оның ішінде дақылды қоректендіру мен қорғаудың кешенді жүйелерін қолдану тәсілдерін зерделеді.
Сапар тәжірибе алмасуға арналған пайдалы кәсіби алаң ғана емес, сонымен қатар қатысушыларға заманауи аграрлық технологиялармен, Беларусьтің тарихы және мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берген есте қаларлық оқиға болды.
