Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС сүт-тауар фермасына сапары



Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру және отандық өнімді терең өңдеу жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Баралған нысандардың қатарында «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС-нің цифрлық сүт-тауар фермасы болды.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы ұйымдастырылған шаруашылықтар арасында сүт өндіру бойынша бірінші орында тұр және елдегі сүт өңдеу көлемінің шамамен алтыдан бір бөлігін қамтамасыз етеді.
Есіл ауданының Корнеевка ауылында Олжас Бектенов «Атамекен-Агро-Корнеевка» ЖШС-нің заманауи цифрлық сүт-тауар фермасының жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры Александр Фадеев фермада сүт бағытындағы 2,5 мың бас ірі қара мал, оның ішінде 1,3 мыңнан астам сауын сиыр бар екенін хабарлады. Голштин-фриз тұқымды малдар Венгриядан, Германиядан, Даниядан және Нидерландтан әкелінген. Қазақстанның қысқы климаттық жағдайларына бейімделген Германиядан жеткізілген алғашқы 300 бас мал осы күзде отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге сатылатын болады.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының іске асырылу барысы туралы баяндады. Өңірде 118 сүт-тауар фермасы және 9 құс фабрикасы жұмыс істейді, оның ішінде жылына 600 млн-нан астам жұмыртқа өндіретін 6 жұмыртқа бағытындағы кәсіпорын бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша мал шаруашылығының жалпы өнім көлемі 208 млрд теңгеге жетіп, 6%-ға өсті. Ет өндірісі 82 мың тоннаны, сүт өндірісі 382 мың тоннаны, жұмыртқа өндірісі 631 млн дананы құрады.
Премьер-Министр Мемлекет басшысы фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларына ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Сүт-тауар фермаларын дамыту Президенттің агроөнеркәсіптік кешендегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді. Мұндай жобаларды іске асыру елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, өңдеу саласының шикізат базасын кеңейтуге және ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
«Президенттің тапсырмасы бойынша аграрлық секторға үшінші жыл қатарынан ауқымды қолдау көрсетіліп келеді. Биыл өсімдік және мал шаруашылығы салаларын қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн 200 млрд теңгеге жетті. Оның нәтижесін көріп отырмыз: соңғы екі жылда мол өнім жиналды. Біздің астық әлемнің 70 еліне экспортталады. Қазақстан әлемдегі ірі он астық жеткізуші елдің қатарына кіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саланы дамытуға бағытталған саясатының және фермерлердің күнделікті қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.