«Атамекен-Агро» АҚ Басқарма төрағасы Мәскеуде өткен халықаралық конференцияда баяндама жасады



2026 жылғы 4 маусымда Мәскеу қаласында К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университеті – Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясының базасында «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығын машина-технологиялық қамтамасыз ету» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердегі ауыл шаруашылығы машина жасау саласын дамытудың басым бағыттары бойынша сындарлы диалог жүргізуге арналған беделді алаңға айналды. Конференцияға ғылым академияларының академиктері мен корреспондент-мүшелері, танымал ғалымдар, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын өндірушілер мен дилерлер, сондай-ақ ЕАЭО елдерінің мемлекеттік органдары мен бизнес өкілдері қатысты.
Конференция аясында «Атамекен-Агро» АҚ Басқарма төрағасы Исламов Кинталь Кинтальевич өндірістік процестерді цифрландыру арқылы ауыл шаруашылығы техникасын пайдалану тиімділігін арттырудағы практикалық тәжірибесімен бөлісті.
«Біздің машина-трактор паркіміздің негізін шетелдік өндірістегі техника құрайды. 2017 жылы егіс жұмыстарын жүргізу, өсімдіктерді қорғау және егін жинау үшін 600-ден астам техника бірлігін пайдаландық. Алайда өндірістік процестерді цифрландырудың, заманауи басқару жүйелерін енгізудің және бизнес-процестерді егжей-тегжейлі регламенттеудің арқасында техниканы пайдалану тиімділігін айтарлықтай арттыра алдық. Бұл ретте жинақтаушы бункерлер мен егіс және орақ науқаны кезінде қолданылатын басқа да технологиялық жабдықтар сияқты қосалқы құралдарды пайдалану маңызды рөл атқарды. Нәтижесінде біз комбайндар мен егіс кешендеріне деген қажеттілікті екі есеге жуық қысқартып, өндірістік көрсеткіштерді жақсарттық», – деп атап өтті Кинталь Кинтальевич.
Өз сөзінде ол еңбек өнімділігін арттыруға және капиталдық шығындарды төмендетуге ықпал ететін қосалқы жабдықтар өндірісін дамыту қажеттігіне назар аударды. Пайдаланылатын техникалар санының азайғанына қарамастан, қосалқы бөлшектерге жұмсалатын шығындар әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Бұл валюта бағамдарының ауытқуымен қатар, әлемдік саяси жағдайдың өзгеруіне байланысты логистикалық шығындардың өсуімен де байланысты. Сонымен қатар, шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын жеткізушілерді Еуразиялық экономикалық одақ аумағында өндірілген қосалқы бөлшектер мен компоненттерді сатып алуға ынталандыру жүйесін құру ұсынылды. Бұл үшін Одақ кәсіпорындарын өндірістік кооперацияға тарту қажет.
Исламов Кинталь Кинтальевичтің пікірінше, мұндай бастамаларды іске асыру тұрақты сұранысты қалыптастыруға, өндірістік қуаттарды жүктеуді қамтамасыз етуге, өнім сапасын арттыруға жағдай жасауға және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттерінің технологиялық қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.